Жаңалықтар

Тәуелсіздігім-тірегім

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті ректорының кубогына арналған "Тәуелсіздігім-тірегім" тақырыбында республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Тәуелсіздіктің көк байрағы көкте қалықтап, тұғыры тіктелгеніне 28 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға Қазақстанның әр аймағынан Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облысынан 100 ден аса зерек те, зерделі жас жиналды. Турнир қорытындысында үздік ойын көрсеткен қатысушыларға арнайы диплом және қаржылай сый берілді.

Жастар-айтыстың аламанында

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Тәуелсіздік күні мерекесіне орай жас айтыскер ақындар арасында "Тәуелсіз елдің жастары" деген тақырыпта республикалық айтыс өткізді. Өнер додасына 12 жас қатысып, өңір жұртшылығына жырдан шашу шашты. Орамды ой, кестелі сөздермен өрілген ақындар айтысы үш сағатқа созылды. Ақындар ұтымды әзіл, салмақты ой орамымен көрермен ықыласына бөленді. Басты тақырып-Тәуелсіздік, Азаттық, егемен елдің бүгіні мен болашағы. Ақындар береке басы болған елдегі бірлікті, ағайын іші тату тірлікті жырға қосты.

Ұлы даланың дарынды жастары

Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық университетінде ұлы ақын Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай «Ұлы даланың дарынды жастары» атты тақырыпта поэзия байқауы өтті. Оны ұйымдастыруға педагогика-гуманитарлық факультеті мұрындық болды. Жыр сайысына факультетке қарасты әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану, дефектология, педагогика және психология, бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі, тарих-дінтану мамандықтарының студенттері қатысты.

Достығымыз жарасқан

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде білім алып жүрген өзбекстандық студенттер "Достығымыз жарасқан" деген атаумен концерт өткізді. Оған білім ордасының шәкірттері түгелге жуық қатысты. Мың бұрала билеген өнерпаздар шығыс биінің нәзік те, сырлы тұстарын таныта білді. Ал көңілді тапқырлар клубының әзілкештері болса түрлі тақырыптағы қағытпа қалжыңдарымен көпшілікті күлкіге кенелтті. Олар көбірек өздерінің Қазақстанға келген алғашқы күндерін әзілге айналдырды. Әсіресе, туған үйден жазылған хат туралы қойылымдары көрермен ықыласына бөленді.

Ректор өнерпаздармен кездесті

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Анар Қайырбекова республикалық және облыстық байқаулардың лауреаттарымен кездесті. Кәсіби шығармашылық факультетінің студенттері республикалық деңгейдегі өнер сайыстарына белсенді қатысып келеді. Оларға вокалды өнердің нағыз шеберлері үйретуде. Бұған студенттердің түрлі байқаулардан алған жүлделері мен марапаттары куә. Кездесуде өнерпаздар репертуар таңдау, оған сахналық киім үлгілерін үйлестіру жайын сөз етті. Университет ректоры жастарға шығармашылық өрлеу мен табыс тіледі.

Университетіміздің 5 спортшысы әлем чемпионы атанды

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Анар Қайырбекова оқу ордасындағы даңқты спортшылармен кездесті. Ректор армрестлингтен әлем чемпиондары Қаржау Есболат, Ләззат Мәлікайдар, Нұрхат Қалдарбек және Мақпал Зиядулланы жеңіспен құттықтады. Бұл спортшылар жуырда ғана Румынияда өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан болатын. Сондай-ақ басқосуға дзюдо шебері Перизат Қадырбекова, бокстан халықаралық жарыстардың жүлдегері Бекзат Қашқын, футболшы Мерей Мауиз, спорт шебері Нысаналы Айбол да қатысты.

Қала әкімі Е. Айтаханов ОҚМПУ студенттерімен кездесу өткізді.

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде болды. Алдымен оқу ордасындағы археологиялық көрмені тамашалаған шаһар басшысы мұнан соң Назарбаев орталығын да аралап көрді. Университет ректоры Анар Қайырбекова қала әкімін "100 жаңа оқулық" коворкинг орталығының жұмысымен таныстырып, ондағы 10 жаңа оқулық туралы бейнероликті көрсетті.

Анар Каирбекова белсенді жастармен кездесті,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Анар Қайырбекова білім ордасының студент жастарымен кездесті. Жүздесу кезінде жастар басшыны студенттік ректорат жұмысымен таныстырды. Басқосуда сондай-ақ, "Лотос" қыздар клубы, "Болашақ" пікірсайыс клубының мүшелері, шетелдік студенттер, халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері, даңқты спортшылар және студенттік сән театрындағы жастар өз ой-пікірлерін айтты. Студенттерді ыждағатпен тыңдаған ректор университеттегі атқарылып жатқан жұмыстар, алдағы жоспарлар жайлы баяндады.

ҚР Білім және ғылым министрі келді.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне арнайы келді. Министр оқу ордасындағы археологиялық жасақтың қазба жұмыстары кезінде тапқан жәдігерлерінен жасақталған "Өркениет көшіндегі Ұлы Дала" көрмесін тамашалады. Сондай-ақ Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектері қойылған "Назарбаев орталығы" мен "100 жаңа оқулық" коворкинг орталығының жұмысымен танысты. Айта кету керек, "Назарбаев орталығындағы" танымдық материалдар ғылыми-педагогикалық құрамның барлық деңгейіндегі мұғалімдер мен студенттер ге арналған.

"Lotus" қыздар клубы ашылды

ОҚМПУ-дің физика-математика факультеті және жастар саясаты бөлімінің жанынан "Lotus" қыздар клубы ашылды. Осыған орай өткізілген салтанатты жиынға физика-математика факультетінің деканы Ибашова Альмира қатысып, қыздарға сәттілік тіледі. Іс-шара барысында клубтың атқаратын жұмысы мен бағыттары таныстырылды.

 

Pages