ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ОҢТҮСТІКТЕГІ СТУДЕНТ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 500 орындық «Студенттер үйінің» жұмысымен танысты. Үкімет басшысы жатақханадағы жатын бөлмелері мен кітапхананы аралап көрді.  

Ғимаратта ғаламторға қосылған оқу және компьютер залы, асхана, медициналық кабинет және жатын орындарының бәрі дерлік жуынатын бөлмемен қамтылған. 2015 жылы пайдалануға берілген нысынның құрылысына 1 158 017 тыс. тенге жұмсалған. Жатақхананың жалпы көлемі 9124 шаршы метрді құрайды.

Мұнан соң Премьер-Министр Елбасының бес әлеуметтік бастамасын талқалау мақсатында студент жастармен кездесу өткізді.   

Кездесу барысында жастар мен әлеуметтік саясаттың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, болашақ мамандықтары бойынша мамандарды даярлау және қайта даярлау, техникалық мамандықтарға арналған гранттарды көбейту, еңбек нарығындағы өзгерістерді және цифрландыру мен автоматтандыруды ескере отырып, қажетті дағдыларды үйрету, кәсіпкерлік қызметке шағын несие беру тетіктері, үштілді білім беру мен қосарлы оқыту жүйесін енгізу, сондай-ақ жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында қабылданып жатқан шаралар инженерлік-техникалық қызметкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл, өз кезегінде, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға және «білімділердің жылыстауына» қатысты мәселелерді шешуге жол ашады.

Жастар үшін білім алудың қолжетімді болуы айрықша маңызға ие. Президент «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты үшінші әлеуметтік бастамасы аясында жыл сайын бөлінетін 54 мыңға қосымша 20 мың грант бөлу туралы шешім қабылдады. Олардың 11 мыңы — Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жоғары сұранысқа ие болатын техникалық мамандықтарға бөлінген.

Студенттік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында Үкімет жатақханаларда 75 мың орын дайындау бойынша жұмыстар атқаруда.  Бүгінгі таңда 205 мыңға жуық студент басқа қалалардан келіп оқиды, олардың тек 67 мыңы жатақханаларға орналастырылған.

Жиын барысында 2018 жылы еңбек нарығын дамытудың негізгі бастамалары туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова баяндама жасады.  Сондай-ақ, Білім және ғылым вице-министрі Т. Ешенқұлов Президенттің «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты үшінші бастамасын іске асыру туралы баяндады.

Мәселені талқылау барысында ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы А.Мырзахметов, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры О.Аяшев, сондай-ақ М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Г.Дәрібаева, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенті О.Әбдіхалық, Оңтүстік Қазақстан фармацевтика академиясының студенті Б.Тоқтаров, ОҚМУ агроөнеркәсіп факультетінің студенті Е.Сейд сөйледі.

Айта кетейік, бүгінгі таңда өңіріміздегі 12 жоғары оқу орындарындағы 78 мыңнан астам студенттердің 13 пайызы немесе 10 мыңнан астамы мемлекеттік грант негізінде білім алуда. Біздің облыстағы жоғарғы оқу орындарындағы күндізгі бөлімде білім алатын 45 мыңнан астам студенттердің 17 пайызы немесе 7 200 студент жатаханамен қамтылған.  2018 жылдың екінші жартысында өңірімізде 754 орындық 2 жатақхана пайдалануға берілетін болады.